Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  237


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ҰЛЫТАУ

Әр тасыңда тарихым бар сарқынды,
Жүйрік жылдар түсіре алмас парқыңды.
Көз алмадым шодыр-шодыр шоқыңнан,
Сес көрсеткен айбынымен тартымды.
Жырлай алсаң бір-бір дастан әр саға,
«Хан орданы» «Ақ ордамен» пар сана.
Бауырыңда өтті қырқыс жойдасыз,
Қарап тұрдың міз бақпастан баршаға.
Сұлулық жоқ келбетіңе тең келер,
Пәс көңілге текті тұрқың дем берер.
Қасиетті сенің әрбір сілемің,
Ұлылықты күндемейді пенделер.
Таңғы ауамен терең алып тынысын,
Асқақ жатыр жаралғандай жыр үшін.
...Жойқын жорық басталарда даламда,
Ат ойнатып, тізе қосқан Ұлысым.
Түскен кезде мұқым елге ұлы сын,
Жинағанда батысы мен шығысын.
Алты алаштың ұлы келіп, бірігіп,
Қазағымның туын тіккен шыңысың.
Кім біледі, бәлкім содан Ұлысың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу