Өлеңдер ✍️

  20.06.2022
  85


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Біздің Дала

Біздің Дала
Бергі жағы Сүленің,
Тастап кеткен Даңқтықтың
Сілемін.
Кісінеген естіледі жылқы үні,
Иесі кім екенін де білемін.
Қайсар едің, қаһарлы едің
Ұлы Елім.
Қыпшақтардың
Арбасында
Айбын бар,
Қанатты кең,
Бір құрлыққа жайдыңдар.
...Дешті Далаң,
Көшті Далаң кімдерге?
Тынық мұхит секілденген қайғым бар.
Үзілді де
Атам тартқан адырна,
Сөгілді әттең жау қолынан
Қабырға.
Қайта тұрды жеті ғасыр өткен соң,
Қыпшақ қаны тулап жатыр тамырда.
Тағы бізге
Сор бермесін Тағалам,
Қалды артымда «86».
Қан. Алаң.
Ту сыртымнан садақ тартса,
Әлдекім,
Сөгілмесін кеудемдегі баданам.
Өлсем – өлем,
Жұлқыласып жағадан,
Шама келсе
Жан беремін, жан алам.
Мамырстан Дешті Дала,
Қыпшақ жұрт,
Ақтық жолда мен боламын
Садағаң.
Біздің Дала
Бергі жағы Сүленің,
Отан-Анам – Қазақстан.
Сүйемін.
Тәуелсіздік Туын тіктік,
Тік тұрып,
Сенде тудым,
Сенде қалсын
Сүйегім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу