Өлеңдер ✍️

  19.06.2022
  85


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

Дүрліктірді отарба маң даланы...

Дүрліктірді отарба маң даланы,
Жанға шабыт береді самғағаны.
Дөңгелектер әуенін тыңдап жатып,
Дімкәс көңіл соған да малданады.
Жолаушылар бұйығы мүлгігендей,
Бара жатыр дәм айдап кімді нендей?
Қандай қызды қарсы алар қандай жігіт?
Жолықпаса жарады жынды мендей.
Күңгірт вагон, тымырсық тұмшалаған,
Қайда тартып барады мұншама адам?
Аққу қаздай тізіліп қыздар отыр,
Артық-ауыс қимылды мін санаған.
Жаным, жүйкем еріксіз шымырлады,
Сендерсіңдер, қалқатай, ғұмыр мәні.
Сұлусыңдар...
Айтыңдар ал, әйтпесе,
Сезімімді сел ғылып кім ұрлады?
Нұрын шашқан көз қандай, қабақ қандай?
Күңгірт вагон ішінде таң атқандай.
Аққу-қаздар жаныма қонақтаса,
Кететіні белгілі тағат қалмай.
Сезімімді шырға еттім шүпілдеген,
Ысып-суып барады бүкіл денем.
Ай жүзіңнен, арулар, шапақ көрем,
Келіп, желпіп кетіңдер шытыңменен.
Барады ұшып кептерлер қолдан әні,
Міскін халім, тағдырым долданады.
Тыңдамайды әнімді ешкім менің,
...Отарбаның тынбайды доңғалағы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу