Өлеңдер ✍️

  15.06.2022
  106


Автор: Сұраған Рахметұлы

ЗАҢДЫЛЫҚ

Бар өсімдік өзінің жойылатын мазмұнын:
Қақсап айтар Тәңірге ғұмырының
Аздығын.
Құтылуды ойлайды, ол мыс сырнайға
Қосып Үн.
Ортаға қас, толыға тоқтық сыйлар
осы күн:
Пақырларды жалғыздық,
Тақырларды жебір жеп, тазалайды іріңнен
Тақиясыз тазды Мың.
Сарқылмайтын садақа ас, қара тасты
Терлетіп,
Байлық аққан өзенде барады
Бақ-сең кетіп.
Күліктердің тұяғы алтын шашып аспанға
Бұлт бауырын иіскелеп тамсанады жерде түк.
Зейнет кешкен бейнетқор жетегінде жел күліп,
Жемтік тесер құзғынға жем нұсқары белгілі.
Күн иесі көрсетіп күзен-күзде бір қылық,
Басқаларды мақтаумен қарға болды мың бұлбұл.
Сұлулықты мысқалдап тышқан тасып тасада,
Дарияның өткелсіз жағасында жүр бұғып.
Арғы беттен шын бақыт шалдырады сұлбасын,
Жалғыз ғасыр сол үшін оққа байлар тұл басын.
Ойдың терең иірімі, қолда қыздың бұйрығы...
Қой бағады обалсыз қотан былғар кір бас ұл.
– Бақыт соңы әуелгі ән жететін қыр басы.
Уақыттың таяудан сыңғырлайды сырғасы... –
Дейді қойшы ұл; «қомақты аяғында миы бар
Біздің жақтың баяғы құдайы да ұрғашы...»
Денесімен көк тасты осып өтер ісініп
Жерге енсе екен осындай өзімшілдеу түсінік.
Үмітсіздер, сайтандар, түбі тесік зереңдер
Барлығының көмейін тот бітепті демеңдер.
Зереңдердің түбіне көзіңді сал, зерде тік.
Тесік ыдыс секілді тірлікте көп кем-кетік.
Бұлт бауырын иіскелеп, нәр дәметкен далаға
Нұр жаумайды селдетіп. – Екінші рет өмірге келуіме ерік бер!
Кесененің есігін кере ашқан жеріктер. – Жыламаңдар!
Мүрделер, тірі жүрген сүйектер,
Жолдағыға сауап қып, қалғандарға ниет бер.
Ниет түбін ақтарып, ала көмсін жауыздар
Жүректе– жүк
Мида– мұз, өкпеде– жел, ауызда– ар,
Айша қайда аламан?
«Ала бүйрек топтасты бұрымымен бауыздар!»
Өткен іздер соңынан іңір кешіп осылай
Мүрде жатқан молаға
Жалбарынған досым-ай!
Аруақтар тұрған жер мәңгі көктем
Қиялдан,
Алтын бұтақ– Зімістан алаулы ойдан
Ұялған
Ей, досым-ай, досым-ай!
Сенің жүрген жолыңа, жаз табыты– гүл өнген.
Өңі басқа ғарышта тас сүзісті білем мен.
Өте шығар әлемнен өңшең бейбақ шұбырып,
Жақсы тумас дәуірде «бақсы» болды-ау
Кілең ГЕН...
Жұлдыздардың жылусыз жарығына аздаған
Созылады жасындай бейқияли жазған ән.
Көлеңкеде өскен тал мың жыл үшін
Ширығып:
Қуаты үшін, құны үшін құралақан назданар.
Жапырақтың сабағын жел қозғаса мамырда
Жақсылықтың үнімен қан ойнайды тамырда.
Адам-Хауа ақырғы бір құндақта оянып,
Жадау жерде «аһ ұрды» жаңа адам, жаңа ырғақ.
Сұқсұр құстың қанатынан тамшы ағып,
Қарасудың ажарын қайрымды етті қаншалық?
Жоқтан аттап өтетін жолдың тұйық бойында
Өзіменен алысып өңін шайды барша жұрт.
Балапан-ой талпынды, үрейлісі– бақ қысқа;
...Қара шаштың түбіне ұя салды ақ құстар.
Өз қолынан келмейтін армандары
Өзгеден,
Күннің соңы осылай шашатынын сезбеп ем.
Сөз көгінен құлады қаз дауысы мөлдіреп,
Көл аунайды көрбілте қараңғылау
Кезде кең.
Сол қаздардың қанаты қар әкеліп қылаулы
Қара бұлттар қаңтарға үйретеді жылауды.
Қайта айланбас уақыт қабағынан қан тамып,
Қыстың күміс кірпігі қар тұтады қыраулы.
Кәрі уақыт пернесін шертіп тұрып құбылды.
Мың жапырақ соны ойлап аяғыңа жығылды.
Көз жасы жоқ, мұңы жоқ Жыламайтын әлем дүр:
Көлеңкені жамылып көмбіс құмға тығылды.
Көк жапырақ тағы да бетін жыртып
Жылады.
Маң серектің түбінде көлеңкенің тымағы,
Ал сонан соң бір пырақ, Қайшылап қос құлағын, тіп-тік өскен
Жандардың басын бырт-бырт жұлады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу