Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  99


Автор: Кәкімбек Салықов

«АҚҚУДЫ» ТАРТШЫ, ҚАРШЫҒА!

Сарынға сырлас табындым,
Жалынға ыстық шалындым.
Ағынға ынтық бағындым,
Нұрғиса күйін сағындым.
Сағындым шуақ күлкісін,
Сағындым ырғақ нұрлысын.
«Аққуды» тартшы,
Қаршыға,
Көргендей қайтқан жыл құсын.
Саңқылдап аққу тамсантсын,
Қаңқылдап қаздар аңсатсын.
Там-тұмдап заулат, тамылжыт,
Көңілдің бұлтын тарқатсын.
Есімнен тандым жабығып,
Қарайлап қалдым қамығып.
«Аққуды» тартшы,
Қаршыға,
Кетпестей жүрек жарылып.
Домбыра келді-ау бабына,
Балбырат, қағыт тағы да.
Албырт, толқыт, талмаурат,
Оралтшы шалқар шағыма.
Естіген адам ұмсынсын,
Махаббат маздар күн тусын.
«Аққуды» тартшы,
Қаршыға,
Нұрғиса күйі құлшынсын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу