Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  83


Автор: Кәкімбек Салықов

АУЫЛҒА ХАТ

І
Сәлемімді ал, тел өскен құрдастарым,
Ауыл жолын талай жыл бір баспадым.
Қолдарыңа тиді ме шағын кітап,
Тірлігімді баяндар жыр-дастаным?
Сәт түспей жүр, барар ем жылда ғана,
Сағынышым самғайды жырда ғана.
Жазбай-жазбай, жарқ еткен бұл хатымды,
Құрдастар-ау, бір емес, мыңға бала.
Не жаңалық бар біздің «бірлестікте»?
Көп жыл өтті...
Сыр сарқып, тілдестік пе?
«Қырық қыздың ауылы» атанып ек,
«Қыз» дегенді бұрмаңдар білместікке.
Өзімізбен көтерді бірге жүкті,
Әкелерді майданнан бірге күтті.
Сол қырық қыз ғажайып көрік берді
Жеңіс тойы, бар тойға бізге құтты.
Есіркесем жастық шақ мәжілісін,
Сөз айтпаймын мәз болар әзіл үшін.
Жігіттер-ау, сыртыңнан хабарым бар,
Ал қыздардың білмедік әдірісін.
Балапанға қызықпас ұяда кім,
Еске түсіп кетті ғой қиядағым.
Отыз тоғыз қызды айтпай, бірін айтсам...
Ұмытқам жоқ, тек қана ұяламын.
Жігерлі еді ән сүйгіш екпіні бар,
Ақ тотыдай ажары етті құмар.
Тостаған көз, ақсары, орта бойлы
Қыз еді ғой әдемі секпілі бар.
«Оқып көріп хатымды таңғала ма?
Қой, өлеңім, жүректі жаңқалама!..»
Дегім келіп, дей алмай қиналамын,
Қайда ғана жүр екен қалқа бала?!
ІІ
Иә, солай! Сәлемім басталады,
Қызды айтпаса жыр жолы аш қалады.
Жырлай-жырлай махаббат бар әуресін,
Ақындар да қара жер жастанады.
Хат сөздерін әр саққа алып ұштым,
Есіркедім, естелік балын іштім.
Ауыл шеті алыстан елестейді,
Үлкені де сол шығар сағыныштың.
ІІІ
Су мол ма екен қылышбел Қамсақтыда,
Жағасында жүруші ек «жан шапқыда».
Қол шалғыға шаршаса құлын білек,
Майдандағы әкені аңсатты да.
Болмасақ та балыққа аса қарық,
Қармақ салдық қамысты тасаланып.
Насыбай үккен шалдардай отырушы ек,
Бір-бір үлкен мұз тесік жасап алып.
Көктемде де ақ боран ұра беріп,
Сиыр жеккен соқаға шыдап едік.
«Ала кетер ала мал» деген сөзге
Ала бие өлгенде жылап едік.
Жұт тасыған не деген желік күшті,
Көктемде де қиналдық көріп қысты.
«Ала малдың» иесін оқ шалыпты,
«Қара қағаз» үш үйге келіп түсті.
Қиындығы бұйырған дәміменен,
Артта қалды ол күндер сәніменен.
Шана сыңғыр өтті ғой, өгіз аяң,
Ыңырсыған қысқы кеш әніменен.
Үшбұрыш хат кеудесін бүтіндеген,
Әжем де өтті мәз болмай күтім деген.
Ақ түбіттей арқасы тозып еді,
Пеш алдында сипаған түтінменен.
ІV
Есті жидық.
Ескі шер тарқайды ғой,
Бала деген құрбылар марқайды ғой.
Оралмаған соғыста солдатты ойлап,
Мағрипа апай ауылда қартайды ғой.
Қос жанары төрт болып тосуменен,
Менің де анам көз жұмды осы уменен.
Сарғайтса да, шіркін-ай, болмады ғой
Кей боздақты үйірге қосуменен.
Жеңіл бастап сайымас ауыр әнім,
Айтып-айтып өзім де сауығамын.
Бір жиналып даурығып отырар ма ек,
Баяғы бір қайталап ауыл әнін.
Күзгі орақта сүмбіле жауындаса,
Бас қосушы ек қаражат қабылдаса.
Ешкі еті таңдайда қатушы еді,
Семіз тоқты сернелік табылмаса.
V
Сәл кідіріп, ес жиып алайын да,
Хал-жайымды айтайын ағайынға.
Москвада бұл күнде қызметім,
Кеңсем тақау Кремль маңайында.
Жүрген жерім – ардақты Қызыл Алаң,
Лағыл жұлдыз жарқылын тізіп алам.
Ізгілікке құштарлық ұлғайтады
Ағалардың алдымда ізі маған.
Өздеріңе жүрегім алып ұшқан,
Жырым жетер жетелеп әні қысқан.
Пешенеме жазымыш несібем ғой,
Жаралыппын мен шексіз сағыныштан.
Әкелердің бейнесі, елесімін,
Жолым ашық, жайдары келесі күн.
Қайда жүрсем қастерлеп, ардақтаймын
Қазақ деген кең-байтақ ел есімін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу