Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  573


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚАНЫШТЫ АЛҒАШ КӨРГЕНДЕ

Аңсаған туды сәтті сағаттарым,
Талай жыл күткен тапты тағат жаным.
Ішінде көп қаршыға көрінді ол
Қырандай еркін жайған қанаттарын.
Көп таудың арасында дара шыңдай,
Жарқ етсе жүрек қайтсін аласұрмай?
Бас қандай зор денеге сыймай тұрған,
Кең маңдай Ұлытаудың даласындай.
Екі адам сыйғандай қос иығына,
Апайтөс қарайсың кең қиырына.
Сәулелі ақ жүзінен нұр тамып тұр,
Көз тартып күлкі қонған миығына.
Құдірет берген екен бар ғажабын,
Атына сай туыпты нар қазағым.
Мейірімді, ойлы сұлу келбетінен
Сезесің адам сүйгіш жан назарын.
Құлшынып кеткендей боп ақын жаным,
Қасына көппен бірге жақындадым.
Жылытты бәрімізді бір-бір сөзбен,
Жан екен қарапайым асыл дарын.
Бір сырлы, мың қыр біткен бір өзіне,
Салмайды қыран қарқын лезіне.
Әр сөзін баппен ғана байыпты айтқан,
Құмарттым ұстамды кең мінезіне.
Қай ақын Қанекеме арқаланбас,
Бар қырын бірақ тегіс байқай алмас.
Черчильдің таңдануы бекер ме еді,
Ол – дана мың жылда бір қайталанбас.
Құйылды нелер сезім көкірегіме,
Өсті еңсем,
Құштар болып еңселіге.
Өзі де, ісі де ұлы заңғар екен,
Әр сөзі ғибрат болар ертеңіме.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу