Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  84


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰҚСАЙМЫН ҚАНСОНАРДАН ОРАЛҒАНҒА

Көп жылдар өзіңменен хабарсызбын.
Кетсең де бөктергіде алаңсызбын,
Бірақ та ақ қағазға арыз айтып,
Кей-кейде жаным ашып,
Амалсызбын.
Келемін күйімді ойлап тәубеге де,
Түспеймін салы сарсаң әуреге де.
Бірақ та бұлт сөгіліп, күн сығалап,
Жарқ еткен жалт қараймын сәулеге де.
Ақындар сыр жасырар бола алған ба?
Төрт жолды төге салар тоналғанда.
Жылытып жылы шуақ жанды жерін,
Ол қайтсін оралмасы оралғанда?
Жетіп те... жетпей жүрміз ол арманға,
Қыран тоқ қырға қайта қона алғанға.
Мен-дағы кейде ұқсап отырамын
Қан жылы қансонардан оралғанға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу