Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  411


Автор: Кәкімбек Салықов

СӘКЕН АҒА

Сұңқар шабыт аққу әнін жалғаған,
Сендей асқақ, Сәкен аға, бар ма адам?
Кер заманның бас құрбаны болмасаң,
Білер еді-ау есіміңді бар ғалам.
Аңсағандай аңыз-арман асылын,
Қандай ару демес сені ғашығым.
Жігіттіктің патшасы едің сал-сері,
Ақындықтың бастадың бір ғасырын.
Өлең сөздің гауһар тастай дарасы,
Сенсіз қазақ толмас өнер сабасы.
Саған мәңгі алғыс айтар сексен көл,
Көкшетаудың орман-тоғай, даласы.
Өрде киік өтсе сені еске алар,
Көлде аққу қимай қарап көз салар.
Ғашық әнің тау жаңғыртып, ел кезіп
Жүрді сенен болмағанда еш хабар.
Самғай берші, ақын аға, самғашы,
Сарқылмайды асыл өнер арнасы.
«Жезкиігім» – өз күйігін баса алмай,
«Тау ішінен» шыққан әннің жалғасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу