Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  129


Автор: Кәкімбек Салықов

ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ СЕКІЛДІ

Біз төртеуміз тірлікте
Бәйбішем, ұлым, қызыммен.
Алла сепші бірлікке,
Айнымас құтты ізімнен.
Төрткүл жатық жаралған,
Бір құндаққа бөленген.
Төрт тармақ сыры сан алуан,
Аумаған сәтті өлеңнен.
Ұлым жақсы қыз алды,
Қызым ұшты ұядан.
Екі бұрыш ұзарды,
Көз тартқандай қиядан.
Бұзылды деп төртбұрыш
Өкінбеймін ешқашан.
Естілместей еш сыбыс,
Көп бұрышпен достасам.
Тоймастық жасар, әлбетте,
Ынсапсыз саумын әуреден.
Бастаған бабам әулетке
Тілеймін өріс тәубеден.
Ұзақ емес сыр қалың,
Жан-жаққа көшім тарады.
Немере баққан ұрпағым
Шөбере жаққа қарады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу