Өлеңдер ✍️

  14.06.2022
  92


Автор: Кәкімбек Салықов

ӨМІРДЕН АЛҒАН САБАҚТАР

Асығыс заулап сағаттар,
Ойды ой қозғап қабаттар.
Сондайда жыр боп төгілді
Өмірден алған сабақтар:
Адалдық деген ғажап бар,
Ақ ниет жанға тағаттар.
Арамдық деген індет бар,
Байыған сайын жалақтар.
Ел мұңын ерлер қорғайды,
Оларды аруақ қолдайды.
Бірге өсіп, біте қайнасқан
Арысқа бақыт орнайды.
Арамза жолы оңбайды,
Жемқорға бақыт қонбайды.
Шет елге ақша тықса да,
Түбінде мықтап сорлайды.
Көкірегі көпке нұр құйып,
Тер төккен ортақ мұң түйіп.
Тасада қалған тарлан бар,
Бір «дөкей» оған бұртиып.
Жымыңдап күліп жылтиып,
Жағымпаз жүр ғой қылтиып.
Жақсыны сырттай жамандап,
Жайғасты төрге тымпиып.
Қойсаң да берік арқандап,
Мақтаншақ басар талтаңдап.
Қалтасы қалың пәлекет
Депутат болды алшаңдап.
Тәкаппар шенді тарпаңдап,
Бастықты тірек қалқандап,
Жаман аттай жал біткен,
Жолатпас досын шалқаңдап.
Жасампаз жанға ары бар,
Рахматы елдің табылар.
Алдынан ертең ол кетсе,
Ел-жұрты қатты сағынар.
Аталы сөздің жаны бар,
Әр әкім жеке заңы бар:
Жұмыстан қуса біржола,
Жолатпай қою тағы бар.
Көрініс те көп салмақтар,
Кәсіпкер бар ғой ардақтар.
Жоқ боп тұр бірақ халыққа
Қамқорлық жасар магнаттар.
Осылай толқып қабаттар,
Өмірден алған сабақтар.
Біріңе бірің адал бол,
Бауырым, ұлтым, қазақтар!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу