Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  151


Автор: Кәкімбек Салықов

ҰЛЫТАУ ЖЕЛІ

Самалың сая, Ұлытау желі,
Бал кәусар ауа берердей.
Қалада жүріп аңсаймын сені,
Сағынған ару келердей.
Қиырсыз дала, тұмансыз белде
Жатыр ғой Қоскөл жалаңаш.
Сыр айтып ол да желпіген желге,
Қалайша елтіп қарамас?
Көңілін аула сағынса мені,
Табады сонда шипа дерт.
Саңқыл қақса Ұлытау желі,
Аққуын жеңіл сипап өт.
Қызығып жайнап ақ қайың тұрса,
Шыққандай таудың төсінен;
Сыйға сый жасап, сыйластық құрса,
Бір сүйіп өтші бетінен.
Қорған боп тұрса Ұлытау төрде,
Жүйріктер жонда жаңылмас.
Жол кесіп өтсін жезкиік өрде,
Жанары жансын, сағымды аш.
Қыс келсе жаурап, Ұлытау желі,
Кетпесін ел-жұрт қамығып.
Көктемді ертіп келер деп сені,
Отырмын бәрін сағынып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу