Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  85


Автор: Кәкімбек Салықов

ҒАШЫҚ ЕДІ БАЛДЫРҒАН

Ол балдырған қыз еді, ғашық еді,
Көңілі көктем, көкірегі ашық еді.
Соғыс жылдар жан-жаққа көшіп кеттік,
Есте қалды тек қана аты-жөні.
Көкейінде не барын өзі біліп,
Жүзі жайнап тұратын, көзі күліп.
Жұрт көзінше қасыма тақап келіп,
Сөйлесетін салғандай сезім бүлік.
Анам тату болатын анасымен,
Көрші едік-ау, достастым ағасымен.
Бір күртіктен сырғанақ тебуші едік
Екеумізге шақ келген шанасымен.
Аппақ жүзі күн сүйген алтынданып,
Жүретұғын жайдары жарқыл қағып.
Еске түссе, Құдай-ау, таңғаламын,
Отыратын шанада алдына алып.
Маңайыма жүргендей жарық беріп,
Шырылдайтын қатерді анық көріп.
Үстімдегі қарды да ол қағатын,
Ағытылған түймемді салып беріп.
Ауладағы жайласақ биік қарды,
Ол бір күні ерекше күйіп-жанды.
Мен сүйрейтін шананы өзі сүйреп,
Қоштасарда бетімнен сүйіп алды.
Түсінбедім ол неге сүйгенін де,
Жалт беруге болмады үлгеру де.
Кейін білдім:
Балдырған ғашық екен,
Құштар етіп қалдырған бір көруге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу