Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  111


Автор: Кәкімбек Салықов

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ МЕШІТІ

Қызылжардың мешіті кірсе жырыма,
Кім қосылмас толқып айтқан сырыма?
Асыл қала тағзым етіп Құранға,
Малшынып тұр сүйікті Алла нұрына.
Құт-береке орнағандай маңайға,
Көрген адам шын сиынбай қарай ма?!
Оранып тұр бүкіл Есіл өңірі
Баршамызға мешіт төккен арайға.
Имандылық содан тарап адамға,
Молаяды үміт, сенім санаңда.
Жан-жүрегім елжіреді сүйсініп,
Елбасымыз бастап берген заманға.
Ел жаңарып, жетті үлкен жұбаныш,
Өлшелінбей бой кернеді қуаныш.
Бөлшегіндей қасиетті Меккенің,
Қашан келсек мешітке жол бұрамыз.
Орындалды зор тілегі халықтың,
Мұсылман қауым бар талабын дәл ұқтым:
Ас пен сабақ, садақа, неке жабдығын
Ойластырған әр тармаққа қанықтым.
Көзім көрген анығы сол анықтың,
Әкім Тайыр, сен де өреңді таныттың.
Сәлем айт Сұлтан бен Абдельазизге,
Жәрдем етсе Арабиясы Саудтың.
Жаңа мешіт жігер қоссын қуатқа,
Көз жұмғандар жеңіл жетсін жұмаққа.
Алла десе бүкіл мешіт жаңғырар,
Яхия имам даусы қалды құлақта.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу