Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  200


Автор: Кәкімбек Салықов

ШӨБЕРЕМДІ «БӘЙТЕРЕККЕ» АПАРДЫМ

Мен де биыл үлкен ата атандым,
Бірі болдым өркені өскен қатардың.
Жетпіс беске келген шақта бұйырып,
Шөберемнің қолынан су тата алдым.
Болсын сәби бұл жалғанда өміршең,
Тілегім сол – өлең болып төгілсем.
Шөберені бүгін көкке көтердік,
Осынау күнге жетуді арман көруші ем.
Туды бәрін тәубе айтып ұғар күн,
Асып-саспай бастым желін құмардың.
Астананы анықтап бір көрсін деп,
«Бәйтеректің» төбесіне шығардым.
Ғадетім мол уақыт шебін санаған,
Нағыз байлық балаға көп қараған;
Неге тентек тым ақырын өседі,
Біздер жылдам ұзағанда жағадан?
Құт көреміз тағдыр берген олжаны,
Ақ тілекпен келсін бата болжамы.
Қиналтпайды,
Қуантады,
Ол да той –
Бәйбішемнің «Үлкен әже» болғаны.
Не де болса кеңейді үлкен керегем,
Бақыт осы шыңырақты Алла жебеген.
Кемеңгер бол, көшің толсын өмірде,
Менің туым – жаса, тұңғыш шөберем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу