Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  110


Автор: Қасымхан Бегманов

ҮЗЕҢГІЛЕС

Жастық шаққа көрік болған Ғалекем,
Жақсыларға серік болған Ғалекем.
Біздің мынау Ғалекеңдер нар екен,
Қатар шабар үзеңгілес бар екен.
Сен сатпадың,
кейбір досым сатқанда,
Сөзге ермедің жұрт гулетіп жатқанда.
Мұқағали туған күні туылдың,
Арқа жақта тоғызыншы ақпанда.
Мұңдас болған
ақ бөкендер, кептерлер,
Бетпақ дала сексеуілді бөктерлер.
Аты кеткен үш жүзге де әйгілі,
Ата-бабаң ат баптаған бапкерлер.
Жауларын да жамандыққа қимаған,
Ана жылы
Сарыарқаға сыймаған.
Тоқалары аман болсын Бөзкөлдің,
Қазағыма екі ақынды сыйлаған.
Қара өлеңде,
өлең сайын өстің сен,
Ақындардың бал ғұмырын
кештің сен.
Жаңарқаның жусаны боп бұрқырап,
Ескененің самалы боп естің сен.
Есен, Нұра,
Сарысуға ұласқан,
Ақтау, Ортау, Иманақта қыр асқан.
Жыр оқыған кештеріңде арулар,
Бұл қай жақтың жігіті деп сұрасқан.
Жылқы бақтың жолыменен әкеңнің,
Ұлы жырға,
ұлы жырлар әкелдің.
Кездескендер жалт бұрылып қарайтын,
Сен інісі ең қазақ сүйген Сәкеннің.
Мен інісі ем ерте кеткен Саттардың,
Құрдас ақын, адал дос боп сақталдың.
Беу кешегі отызымда қап қойған,
Куәсісің таңғажайып шақтардың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу