Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  62


Автор: Қасымхан Бегманов

Балалықты ендi тастайық...

Балалықты ендi тастайық,
Естiсiн сүйдiм жардың мен.
Қара жолдарда қасқайып,
Қайғыммен жалғыз қалдым мен.
Көңiлге қамзау болмады,
Сағыныш хаты жеткенмен.
Тiрлiкке көңiл толмады,
Сендерден ұзап кеткенмен.
Жолдарға жолдар жалғасты,
Кездестi жандар достасқан.
Ал мынау қыр ғой алғашқы,
Махаббатыммен қоштасқан.
Ыза жер баспас жасқанған,
Килiкпес жерге килiктiм.
Топастар елдi басқарған,
Жек көрiп кеттiм билiктi.
Ауырлау дертiн сол күздiң,
Көрерсiң өзiң саралап.
Көз жасы, ұяң сол қыздың,
Жанымды кеткен жаралап.
Көнбедi көңiл қақпайға,
Қаншама мұңға килiктiм.
Ақындар бақыт таппай ма,
Сойылын соқпай билiктiң.
Жырларымды оқып белеңге,
Қайғыммен өтiп барамын.
Елеусiз келiп өлеңге,
Елеусiз кетiп қаламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу