Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  67


Автор: Қасымхан Бегманов

Бейiттерге қонды тағы кептерлер...

Бейiттерге қонды тағы кептерлер,
Кептерлерiм,
алысқа ұшып кетпеңдер.
Төмпешiктер деп қарама жай ғана,
Бұның бәрi кеше өмiрден өткендер,
Айналайын кептерлер.
Мәңгiлiкке осында орын тепкендер,
Тылсым сырды сезгендей ме кептерлер.
Кептерлерге мұң шаққандай көрiндi,
Алуан адам талай келiп кеткен жер.
Бейiттердi аяқ асты етпеңдер,
Моншақ көздi үрiкпейдi кептерлер.
Дәм-тұз бiтсе бiз де барар орын ғой,
Бал өмiрдi қимай-қимай өткендер.
Сан айналар, шыр айналар көк пен жер,
Бiздер әлi кездесемiз,
кетпеңдер.
Бұл бейiтте жатыр жақсы адамдар,
Қоштасайық, қош болыңдар, кептерлер.
Қоштастым мен жанарымнан жас парлап,
Дүние-дәурен,
басымыздан қашқан бақ.
Бейiт қорып жүрген нәзiк құстарым,
Бiрте-бiрте бара жатты аспандап




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу