Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  113


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ЖҰМАҚ ПЕН ТОЗАҚ

Қандым дағы «сен іш пенен мен ішке»,
тойдым дағы мақтау,
даттау,
кейіске,
бір түкіріп жеңіліс пен жеңіске
бір күні мен бармақ болдым пейішке.
Мүңкір-Нәңкір салды дағы сынаққа,
жолды жауып, жолатпады жұмаққа,
мен өзімді періштемін деуші едім,
күнәһар боп шыға келдім, бірақ та.
Ойым толы, бойым толы күнә екен,
жаным толы, тәнім толы күнә екен,
сөзім, көзім күліп тұрған күнә екен,
сақал-шашым тұнып тұрған жын екен!
«Жұмақ — жабық
ақындықты қоймасаң,
аруларға жақындықты қоймасаң!»
бұл өмірдің мәні бар ма әйелсіз,
жырсыз тағдыр кімге қажет, ойласаң?
Мендей адам баспайды екен о жаққа,
мұндай тірлік тірлік пе өзі,
мазақ па?
барсам енді барайын да тозаққа,
басқа жерде орын болмас қазаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу