Өлеңдер ✍️

  13.06.2022
  75


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Бүгін менің сарайым босап қалды...

Бүгін менің сарайым босап қалды,
Омбылап ем Медеуде қасат қарды.
Соқты менде тап-таза жүрек қана,
Сол жүрекке тағдырым қосақталды.
Өмір тағы өзіне ғашық етті,
Күн нұрынан көзімнің жасы кепті,
Филиппиндік емшідей Алатауым
Сылып алды сарғайған қасіретті.
Айналғандай болдым ғой жас балаға,
Қайран ғұмыр қайтадан бастала ма?
Енді менің қырсықтан арқам босап,
Ашар ма екем сырымды досқа ғана?
Қасат қарды омбылап жүгіргенде,
Арылдым ба мінімнен, кірімнен де?
Табиғаттай тап-таза тамшы көрдім
Жүрегіме өзімнің үңілгенде.
Періште ойлар қақсыншы ақ қанатын,
Тазардым деп ал енді мақтан, ақын.
Қайғы да жоқ,
Өкініш, ыза да жоқ,
Нең қалды екен жұртыңа ақтаратын?
Қабағынан заманның көңіл суып,
Қол жетпеске қажып ем көп ұмсынып,
Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін,
Уақыт үшін тойдым мен өмір сүріп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу