Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  135


Автор: Мәди Қайыңбаев

БИШІ ҚАЙЫҢДАР

Əрдайым аңсап жолығам,
Қарсы алар шулап ну үні...
Бурабас қайың молынан,
Бурабай жердің сұлуы!
Қоңырқай күздің күнінде
Жөңкілер бұлты аспаннан.
Мұң бардай шулы үнінде,
Үніне жырмен қосылам.
Көлденең жанға пайымдар
Көңілдің шерін қозғаған,
Бар мұнда биші қайыңдар,
Мəңгілік белін жазбаған.
Бар мұнда биші қайыңдар
Қарасаң көзің тоймайтын.
Кісендеулі қолжазба
Бар мұнда биші қайыңдар
Билеуін мəңгі қоймайтын!
Бар мұнда биші қайыңдар
Бермеген тағдыр тілекті...
Осынау қайың жайында
Жыр тербер нəзік жүректі...
Өмірде қысқа, шеттеліп,
Жуынып дəйім ақ нұрға,
Билейді олар кектеніп
Билетіп қойған тағдырға!
Мен мұнда келсем ауылдан,
Жасырам қазір несіне,
Спондилитпен ауырған
Бір досым түсер есіме.
Өмірде дулы базардай
Арманын іштей зар қылып,
Туғаннан белін жаза алмай
Билеп жүр ол да мəңгілік.
Үмітін аппақ қарайтқан,
Билеп жүр ол да мəңгілік –
Бүкірді биші деп айтқан
Біздерді мына таң қылып!
...Жосадай болып батқан күн,
Жаныма құйып уайымды,
Мен талай ойға батқанмын
Құшақтап биші қайыңды.
Бір сырды сонда білгенмін,
Тербеліп қайың əніне:
Сырт көзге билеп жүргеннің
Биші емес шығар бəрі де!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу