Өлеңдер ✍️

  12.06.2022
  95


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

НАЗ

Ғашықсыз ғасыр ушығып,
Күйгелек көңiл бүр шығып.
Ирең де ирең тағдыр-ай,
Күйбең де күйбең тiршiлiк.
Жүректiң сүйген адамын
Жатырқап жүрсең, о да мұң.
Қайсыбiр арман жалғанның
Тауып жатыр бодауын?
Өкiнiш көмiп көз iлгем,
Жараспағаным-ай өзiңмен.
Бiр ғана тамшы күнә жас
Домалап түстi көзiмнен.
Жүргендей бейне ақсырап,
Барамын әйтеу жатсырап.
Өзiме емес, Сен үшiн
Құдайдан келем бақ сұрап.
Болайық мен де, сен де аман,
Өкiну шығар ең жаман.
Қолыңнан келген бақытты
Сыйласаң болды сен маған.
Көңiлдi күдiк жеңбедi,
Мұңымды жүрек тербедi.
Сезiмге бола бiр сәттiк
Ренжiте көрме сен менi.
Үмiтке көңiлiң толмаса,
Жүрекке өзiң жол жаса.
Аңдамай айтып, артынан
Тосылғанымыз болмаса,
Мен саған ғашық едiм ғой,
Қосылғанымыз болмаса.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу