Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  247


Автор: Серік Тұрғынбеков

КЕЛ, АҒАЙЫН, КЕЛ, БАУЫР!

Бүгін тағы атты арайлы таң – үміт,
Дүниені тұрғандаймын жаңа ұғып.
Белбеуі бау, Алатауым секілді
Келіп қалдың ала шапан жамылып.
Кел, ағайын, кел, бауырым, кел бізге
Алтын астық аптағанда ел күзде.
Дархан баққа оңтүстікте жолығып,
Арқа жақтан атан жығар желді ізде.
Қызу қанды қалпыңменен кел бізге,
Қызық сәнді салтыңменен кел бізге.
Шөлге ішетін көк шайыңды тастама,
Жүзім, дәмді мантыңменен кел бізге.
Оттай ыстық палауыңмен кел бізге,
Мақтаныш қып – жалауыңмен кел бізге.
Шын жарыста озып шығар жүлде алып,
Талай күнгі жарауыңмен кел бізге.
Қолтықтасқан қатар елміз бағы бар,
Туған дала өз ағам деп сағынар.
Ұйғын әке – көрсін туған Меркесін,
Зульфия апа, Бурабайға тағы бар.
Құшақ жайып қарсы алуға жұрт дайын,
Қалай сенен қағаберіс сырттайын.
Дастарханым – ақ астықтың алқабы,
Бас тартамын, оған қоса құрт-майым!
Мына жерде өзіңді шат күлгізгем,
Құлагердей астыңа ат мінгізгем.
Жолдасыңа айту үшін ұялмай,
Ал басыңа сусар бөрік кигізем.
Алдыменен сәлем бергін Абайға,
Ақ алмастай Жамбыл жырын тағы ойла.
Алатаудың ұшарына көз тіксең,
Басыңдағы тақияңды абайла.
Апарамын ойға-дағы, қырға да,
Апарамын Ақ Жайыққа, Сырға да.
Менің саған өтінішім бір ғана –
Алдыменен көріп алмай жырлама.
Келші, ағайын, құшақтасып билейік,
Құшағымды ашып тұрмын, сүй келіп.
Қыздарыңыз жігіттерді ұнатып,
Жігіттерің қап қоймасын үйленіп.
Келші бүгін, келші, ағайын, кел, бауыр,
Қуанышты әрбір құба белде ауыл.
Аспанымнан ақша қардай ағылсаң,
Құшаққа алып үйіретін мен – дауыл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу