Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  7475


Автор: Серік Тұрғынбеков

ӘКЕНІ ЕСКЕ АЛУ

Есіме түстің, жан көке,
Есіркеп, бәлкім, жүрмісің?!
Атырдым көзбен таңды ерте,
Кетпей-ақ қойды-ау бір мүсін.
Кептеліп жасым тамаққа,
Кектеніп әлдекімдерге...
Бытырап ойлар жан-жаққа,
Бір күйге түстім шерменде.
Сезіліп сенің жоқтығың,
Елжіреп жүрек-бауырым.
Езіліп еңсе-шоқтығым,
Басылып екпін-дауылым.
Айта алмай сөзді қыстығып,
Қысылдым кінәм бардай-ақ.
Кеудемді қарып үскірік,
Сібірге тіпті бармай-ақ.
Ішімнен өлең-зар айтып,
Қиялмен кезіп қыр-белді.
Басыңды сенің қарайтып,
Қалдырсам деп ем бір белгі!
Жүремін ылғи алаң боп,
Жүрегім бәрін көтерсін!
«Бар екен менің балам!» – деп,
Бір аунап түсер ме екенсің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу