Өлеңдер ✍️

  10.06.2022
  108


Автор: Серік Тұрғынбеков

БІР БОРЫШ

Әр нәрсеге болам деп алаң мына,
Кейде сирек аламын қаламды да.
Дүниеге келген соң
Бір борышым
Бар екенін білемін ел алдында.
Анама да алаңмын,
Балама да,
Қалада да алаңмын,
Далада да.
Есік қақты бір досым,
Қаламымды
Қолыма ала бергенде жаңа ғана!
Енді отыра бергенде орыныма,
Бір жұмыспен келді інім жолығуға.
Енді ол үшін болмайды қайғыруға,
Енді ол үшін болмайды торығуға.
Жақсылыққа жаралған жүрек менде,
(Пайдам тисе шығамын түлеп демде).
Қоя салып шаруамды, жүгіремін
Ертелі-кеш телефон шыр еткенде.
Бір жақсылық жасасам жаңылмаспын,
Шын дос болса, жүрегім-жанымды аштым.
Екі етпедім айтқанын аға болса,
Қалдырмадым көңілін қарындастың.
Өкпе артып көрген жоқ туыс маған,
Ағайынға кезім жоқ жуыспаған.
Қалам алмай қолыма,
Көп күттірген
Ақ қағаздың алдында қуыстанам.
Кешір мені!
Ақ қағаз, сия, қалам.
Сені иесіз тастамас зиялы адам!
Кісі көңілін әуелден қалдырмайтын
Кеудемде бір ізгілік ұялаған.
Қиналмайын қалдым деп қанша жолдан,
Үзілмесін, әйтеуір, аңсау, арман.
Өзің күткен –
Өлмейтін бір өлеңді
Іздеп жүрген шығармын мен солардан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу