Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  68


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚОЛ БҰЛҒАР

Жас данаға жаны құмар жан аз ба,
Жақсы өнердің жаңа туған Үркері,
Кесте төкші қара сөзбен қағазға,
Қиялыңмен тоқышы бір шілтері.
Ару болшы тәкаппар да, ұяң да,
Алқызыл бір гүлдер төксін күнде ернің.
Күйкі істерден кіргеніңше қиялға,
Қоңыр шашты ақ қудай қып үлгергін.
Тек шарапат күтсін сенен ізгі елің,
Ең киелі борышыңды орында!
Қалдырмайтын саусағының іздерін,
Табиғаттың қолы болсын қолың да.
Шолақ байтал құйрығындай өмір бұл,
Сырттай енді қиял қылар күнімсің.
Бақыт деген жайлау болса көгілдір,
Ақ отауың соған барып тігілсін.
Менің дертім шаншу да емес қадалған,
Біле алмадым, керек пе оны сөз қылу?
Шын қасірет – бақытқа ұқсас адамнан, –
Ит жейдені сәл ертерек тоздыру.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу