Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  84


Автор: Жұматай Жақыпбаев

ҚЫРТ

Көгертсем деп көктем қандас ән-әуен,
Көтерсе де жүре алмадым әуемен.
Көріксізбін көпестердей көк сақал,
Құрбашыдай қызыл көзбін және мен.
Қызғаншақпын, қылт-сылты көп, сабырсыз,
Қарамайға шомылғандай сабынсыз –
Албасты боп шыға келдім лезде,
Қалыбайдың қара итінен қадірсіз.
Құдай сүйер қылығы жоқ пендемін,
Текке кетті-ау теңдесі жоқ еңбегің.
Бекер болды бет таба алмас мені іздеп,
Лиро-эпос заманынан келгенің.
Асыранды қаздыкіндей қанатым,
Бола ала ма қанаты жоқ жан ақын?
Бір құшақ гүл сыйласа жұрт,
Кещемін
Көк сиырға көктей бере салатын.
Ол аздай-ақ, алашта жоқ бөспемін,
Бөспеліктен әрі жер жоқ...өспедім.
Бір ісімнің аяғы жоқ,
Көріп пе ең,
Аяғы жоқ түйемен ел көшкенін?
Ақыл-ойсыз қылды мені бір мінез,
Абыройсыз қылды мені бір мінез.
Домбыра да тарта алмайтын добалмын,
Хәм шикімін бөлке нандай дүмбілез.
Өлеңім де құмдай құнсыз, тастай көп,
Бір дөкейге көрсетіп ем басты, әйбат.
Бас асаудай мөңкіп-мөңкіп баспада,
Базар жаққа тағын тастап қашты-ай кеп.
Айтқан сөзі: «Жұматайдың өлеңін,
Шығарғанша саудагер боп өлемін»,
Мен оған тек: «Көзге ілмесе құбыла,
Құбылаға түкірдім мен!» – деп едім.
Қырттық маған, мен қырттыққа асықтым,
Қыр мен сырын ерте біліп, жас ұқтым.
Соншама қырт, сонша кеще басыммен,
Ең ғажайып жанға ғана ғашықпын.
Соны көрсем екі көзі танадай,
Алшаңдаймын апасы көп баладай.
Соныменен салыстырса қырт-ақпын,
Сүйем соны қырттығыма қарамай.
Дымы ішінде, шығармай-ақ сыртқа үнін,
Көп жазуда көрейік деп жұрт күнін.
Ал мен болсам екі көзім сен жақта,
Өзің жақта ол да болса қырттығым.
Бірге шыққан кетті жұрттың көбі ұзап,
Маған құдай берген өгіз – өгіз-ақ.
Өгіз мінген ғашық қойшы секілді,
Жүргенім-ақ не қырсығып, не жылап.
Көздеріңді көрсем бітті танадай,
Арсаңдаймын апасы көп баладай.
...Қырттығымды біле тұра сүйемін,
Сүйем сені қырттығыма қарамай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу