Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  103


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Уа, кернейші, әуе мен жер түрленіп...

I
Уа, кернейші, әуе мен жер түрленіп,
Сілтідей боп тына қалсын төңірек.
Самарқанға салтанатты үн беріп,
Кернейіңді көк өгіздей мөңірет.
Өзі нәзік, бірақ нұрлы дауысы өр,
Сан ғасырда кім өлмесе – сол ақын.
Байқараның уәзірі емес Әлішер,
Ол да әлемнің билеушісі болатын.
Мен де жастай талай шалқып үлгергем,
Сан кезігіп мың жасайтын отты үнмен.
Құрдастарым хан көтеріп жүргенмен,
Сұлтандарша елді бұзған жоқпын мен.
Тәуба дейтін не десе де ел мейлі,
Тауға кетіп қалатұғын сасқанда, –
Шәйірлердің құрметі үшін кернейді,
Боздатшы бір алқаракөк аспанға.
Бір тізерлеп, ұсынам деп еліме,
Жер бетінен сөз іздеген ең керім, –
Керней айтсын Самарқанның жеріне,
Жұматай әл-Қазаһидің келгенін.
Жұқты маған: бағым ба әлде сорым ба,
Кербез шақта күн кешсем де мұны ұқпай,
Көп шәйірлер өлеңінің соңында,
Өз есімін айтады екен ұмытпай.
II
Рубаб дауысы сыңғырлаған күміс пе, –
Сыр шертеді жүрегіңді жүз іліп.
Биші қыздың белі неткен жіңішке,
Мен ұстасам, кетпес пе екен үзіліп?
Әр сұлуға арнар едім жеке өлең,
Тыңдайтұғын адам түгіл, тау балқып.
Өзбек тілін білмеймін-ау, кетер ем,
Бұқара мен Самарқанды таңдантып.
Хауыз бақта қолдарына гүл алған,
Жыр қадірін бізден жақсы білетін
Қас арулар сүрме тартып сыланған:
«Қазақтың жас шәйірі-ай», – деп жүретін!
Аһ, дүние, жанға батты сол арман,
Ей, Бұқара, алармысың мені еске?
Өзбек жері көк торғынға оранған,
Жұмақтың да төр жағындай емес пе?!
III
Дана барда шындық жерде жатар ма,
Соғыстарын көзбен көрген көптеген.
Рузбехан тарихында: «Жаһанда
Қазақтардан батыр халық жоқ», – деген.
Шәйір барда шындық жерде жатар ма,
О, Гүлбүбіш, қасидам да көп менің.
Ең алғашқы диванымда: «Жаһанда
Өзбектерден сұлу халық жоқ», – дедім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу