Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  105


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Кешемін жасыл мәуіт, көк шұғаны...

Кешемін жасыл мәуіт, көк шұғаны,
Алдымда жарық күннің от шуағы.
Көрдің бе көкорайды? Қалай екен?
Мен жүрген жерге ғана шөп шығады.
Әнеу бір бұйра тоғай көгіне енсек,
Ақ өзен, одан әрі көрінер шеп.
Қайтайық жәй адыммен, екеумізге,
Атамның беріп кеткен жерін өлшеп.
Ерейік гүл айдаған бір самалға,
Сенікі – мұнша құс та, мұнша мал да.
Қызыл түс, сиыр бүйрек үй тастар да,
Көк тоңды, көлеңкелі шыршалар да.
Жүйіткіп жирен атпен күліп өткен,
Таниды мені таудың гүлі көптен.
Қызартты құбыла да шоқтай жүзін,
Құрымдай қара бұлтын түріп еппен.
Қарамас енді маған мұңайып күн,
Мен сені жақсы біліп, шынайы ұқтым.
Жүр бері гүл төселген соқпақтармен,
Биікке тумысынан лайықтым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу