Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  129


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Ел ескерер ерлігім жоқ не түрлі...

Ел ескерер ерлігім жоқ не түрлі,
Сондықтан да, Ләйлә, саған жақпадым.
Уәйс сұлтан Жалаири секілді
Мен, әрине, нотаны ойлап таппадым.
Есесіне, саған жазған өлеңім
Түспесін деп тоқ қасаңдық жолына:
Соны бейне, соны ой таптым деп едім,
Қарап жүрмей, қағып кетті ел оны да.
Жауға бұрып көк темірдей бетімді,
Ат тебініп аламандар даңқы үшін,
Сыба, Сартақ, Мұқа* ноян секілді,
Билегем жоқ дүниенің жартысын.
Тақ түгілі, жақсы орындық тимеген
Бұл өмірге келдім, Ләйлә, не біліп?!
Бір бөлімді бес-алты жыл билеп ем,
Кетіп қалдым бір кещеден жеңіліп.
Годуновқа боярлардай өтімді,
Хан көтерген Мәскеудегі әз қауым,
Қадырғали Жалаири секілді,
Жамиғаттың тауариғын жазбадым.
Бабамның тек өткір, тентек назымен,
Әлем қазақ санасын деп бұл мені,
Қаңғып жүріп екі-үш жинақ жазып ем,
Ол жөнінде мелитса да білмеді.
Мақтаныш жоқ, Ләйлә, мұңды көзімде,
Өтті күнім шырқармын деп, әй, кейін.
Бір ескерткіш қойдым тірі кезіңде,
Ол да саған ұқсамады, қайтейін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу