Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  69


Автор: Жарылқасын Аманұлы

ЯПЫРМАЙ

Япырмай, жетпіс жасқа кеп қалдым ба?
Талай көш көз ұшында кетті алдымда.
Біртіндеп көкжиекке сіңіп жатыр,
Жетуге көкжиекке көп қалды ма?
Көштен-көш көкжиекке сіңіп жатыр,
Кімді-кім, беу дүние-ай, біліп жатыр.
Шыққандар бұл фәнидің есігінен,
Бақидың бесігінде шіріп жатыр.
Кімді-кім, беу дүние-ай, біліп жатыр,
Біреу жылап, біреулер күліп жатыр.
Өзегі талып аштан жатса біреу,
Біреу ат, біреу таққа мініп жатыр.
Бұл фәни болжата ма келер күнін,
Кім білер басқа қатер төнер күнін.
Қызығы қалмас еді бұл жалғанның,
Білсе адам сөнер күнін, өлер күнін.
Мен де жетіп қалыппын жетпісіңе,
Жетпіс жас оңай тимес көп кісіге.
Жалыны жүз жаста да сөнбес бірақ,
Адамның сүйегі асыл тектісінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу