Өлеңдер ✍️

  06.06.2022
  104


Автор: Жарылқасын Аманұлы

БАҚЫТЫНА ҰҚСАМАЙТЫН БАСҚАНЫҢ

Бақытына ұқсамайтын басқаның,
Бақытым бар,
Бақытсыз деп қашпағын.
Кештеу келіп өмірімнің көктемі,
Кешеуілдеп шешек ата бастадым.
Қаңтар айы қаһарлылау болды да,
Біле алмастан жүрдім онды-солды да.
Сүрлеуменен,
Соқпақпенен бел асып,
Енді таптым армандаған жолды да.
Арман жолы, бірақ оңай емес-ті,
Ұйытқып соғып қарсы алдымнан жел есті.
Жету үшін шарықтайтын шыңыма,
Асу керек әлі талай белесті.
Белес, белес, алда мұнар биік тау,
Қойнауына көп қазына жиыпты-ау.
Осы тауға жетем деумен талай жан,
Жол бойында өмірлерін қиыпты-ау.
Жүріп келем үміт оты сөнбестен,
Талай өзен сарқылыпты-ау мен кешкен.
Қиындықты жеңеді екен,
Қашан да
Өзіне-өзі сеніп қана белдескен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу