Өлеңдер ✍️

  04.06.2022
  709


Автор: Ақылбек Шаяхмет

БЕС АРЫС

Ояндым бүгін түс көріп,
Ойменен асау алысып.
Өзімнен өзім тістеніп,
Қолдарым қапты қарысып...
Апырмай, өң бе, елес пе,
Қандай бір сиқыр бар мұнда?!
Өшкенім жанды емес пе,
Бес арыс тұрды алдымда.
Желбіреп əппақ сақалы,
Нұрланған жүзі Шəкəрім.
Шолғанда байтақ Отанын,
Көрінді маған қапалы.
Жас жаным қалай жай таппақ,
Тобырға қарап жиналған,
«Тұрсың, – деп – кімді айтақтап?» –
Ахаңды көрдім қиналған.
Оғындай мірдің Міржақып,
Жеріне ғашық Баяндай.
Тұрса да қатты тіл қатып,
Қалың ел жатты оянбай.
Ысырып тастап күдікті,
Ақтарып салар ақ жанын.
Көрді де тойған жігітті,
Қабағын шытты Мағжаным.
Қазағым, сірə, оңа ма,
Есірсе елге ішіп кеп ?
Қашқысы келіп далаға,
Егіліп тұрды Жүсіпбек.
Аспанды тұман торласа,
Таниды бізді кім елеп?!
Бес саусақ түгел болмаса,
Емес пе тəнім мүгедек.
Мен-дағы еркін еліме
Жүрсем деп едім еркелеп.
Халқыма, жомарт жеріме
Оралдыңдар ма ертерек?
Бой бермей тағдыр желіне,
Тұлпарлар шапсын көсіліп.
Еркіндік кірген еліме
Келдіңдер ме əлде кешігіп?
Оянар елдің санасы,
Астынан бұлттың күн шығар.
Қазақтың момын баласы
Көкке де қолын ұмсынар.
Ашқалы көзді өңімде
Еңбекті еткен еш қылма.
Жұлдыздай жансын көгімде
Жолымды нұсқап бес тұлға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу