Өлеңдер ✍️

  03.06.2022
  217


Автор: Жанат Жаңқашұлы

ЕССІЗДЕР ДƏУІРІ

3248 жыл. Ғылымның дамуына байланысты осыдан 700 жыл бұрын əйелдер мен еркектер арасында соғыс өрті тұтанып, əйелдер жағы түгелдей қырылған.
Жер бетінде еркектер ғана қалды. Тəн лəззаты мен жан лəззатын ғылым өзге заттармен алмастырған еді... Əйелдерді сұлулық пен өмірдің мəні деп дау айтқан жалғыз-ақ адам болды. Оны билік «ескішіл», «жынданған» деп айыптап Марстағы көп түрменің біріне қаматқан. Ол – адамзаттың соңғы ақыны...
Көлеңкелер күбір-күбір, күрсініп,
Қабырғадан бір шығады, бір сіңіп.
Қорыққанға қос болғысы келе ме,
Темір есік ыңырсиды қырсығып.
Қара қапас, шəйір отыр лепіріп,
Сөздерінің басы шалық, шеті күп.
Елестерге мұң айтады, кей-кейде,
Ақылынан кетеді əрі секіріп.
Ұзақ дейді, қысқа демей келтені,
Елестерге мұның бəрі ертегі.
« – Жер бетінде əйел деген болыпты,
Оған ессіз ғашық бопты еркегі».
Амалы жоқ, ол осылай демеске,
Көмескілеу өткен күннің көбі есте.
Күдікпенен қарап бұған елестер,
Күлкіменен қарайды бұл елеске.
(Өз ойынша елес оны естіді),
Бір бозарып, бір ағарып кескіні.
« – О дəуірде ақын деген болыпты,
Солай депті ел, естілерден естіні!
Əйелдердей ол да жер де күн кешіп,
Жоғалыпты сұлулыққа мінгесіп.
Сол ақындар тұрған дейді Тəңірмен,
Рух тілінде тілдесіп».
Лепіреді, соңғы шəйір жердегі:
«Жынды дейді, ессіз дейді ел мені.
Əйел тəні сұлу болса əуелде,
Əй, Тəңірі, сұлулық ол сендегі».
Аңтарылып қарайды бір елеске,
«Түсіресің тұма түндер нені еске?
Сұлулықтың жоғалғаны жерден бұл,
Құдайдың да жоғалғаны емес пе?»
Көлеңкелер күбір-күбір, күрсініп,
«Жынды» дейді жас шəйірді, түршігіп.
Елестердің езіліпті бояуы,
Ертегі түске тұншығып.
Жел жұлынып, уілімен зарды илеп,
Үміт жыры жұбатады əлдилеп.
Жынды дейді ертегіге сенбеген,
Жынды дейді алба-жұлба тал билеп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу