Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  99


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Ақыл

Бірде жарым сыр айтты:
– ақын Бəйтік,
Жөні кеп тұр қоюдың ақыл айтып.
Тұңғышыммен өлеңің құрдас еді,
Өлең жазбай шыдап жүр дəтің қайтып?!
Өміріңнің түсі ауды бесініне,
Зар боларсың сəтті бір осы күнге.
Болса айыбың, бəр-бəрін ғафу еттім,
Дəл осыңды болмайды кешіруге.
Елді қандай сүйесің, жерді қандай?
Ақын-ақын бола ма кергіп алмай.
Елітесің несіне дыр-думанға,
Егделікке жүрмісің көндіге алмай.
Қызметің соншалық қарбалас па?
Нағыз ақын уақыт таңдамас та.
Десем болды айтарың:
– əйел, шіркін,
Үкіметтің ісіне араласпа.
Қаламыңнан жүргем жоқ талшық іздеп,
Ақынды елі сүйеді жаршымыз деп.
Балалардың айлығы жетер маған,
Бағытыңды алдымен алшы дүзеп.
Өкпелеме, назым бұл – қу аттаман,
Достарыңның жинағын жиі ақтарам.
Дəрежеңді қайтейін «қол басындай»,
Жан азығы жақсы өлең қымбат маған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу