Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  100


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Ей, сырласым!

Ей, сырласым!
Қиялдап,
Заңғар көкті кейде айналып қайтамын.
Сырымды ашып,
Арманымды тұмарлап,
Шындықты да шымырқана айтамын.
Мөлдіреген қалпыммен
Іңгəлаған іңкəрлікке асығам.
Бал шығармын,
Бəлкім, мен –
Таң арудың таңдайына татыған?!
Сауап-ау деп,
Обал деп,
Бар өмірім буырқанған бір демдей.
Жұлдыз ба екем,
Жоқ, əлде –
Армандарды аялаған түндерде?!
Тоным келте,
Амал не,
Қымтағанмен жөнді жылу жимаған.
Кім біледі,
Самал ма ем –
Тіршіліктің тың тынысын сыйлаған?!
Білуге де құмармын,
Адалдықтың ақысын да төлегем.
Мүмкін...
Бүршік шығармын –
Жанарларды қуанышқа бөлеген?!
Не болғанда...
Ол, мейлі-ау,
Тілегімнің тұғыры да əріде:
Əттең!
Қолдан келмейді-ау,
Бақыт бағын...
Сыйлар едім бəріңе!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу