Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  100


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Түніңіз не...

Түніңіз не,
Көз түрткісіз түнді емес,
Қапаста да қараңғы деп күндемес,
Бұл өмірде ақын деген халық бар,
Жеке бастың тығырығы мұң демес.
Жазғырмайтын ала құйын дауылды,
Қасарысып көтеретін ауырды.
Бұл өмірде ақын деген халық бар,
Отыра алмас жаба тоқып жауырды.
Тілдемейтін нөсеріңді селдеткен,
Тұл демейтін аптапты да көн кепкен.
Бұл өмірде ақын деген халық бар,
Ұққан жанды сыйқыр сөзге шөлдеткен.
Ұрыспайтын, ұрып кеткен үсікке,
Құрыспайтын қара терге түсіп те.
Бұл өмірде ақын деген халық бар,
Жалғыз өзі жұртта қалған күшіктей...
Кейімейді,
Өзгермейді өлшемі,
Сабасынан шығармайды төл сезім.
Құбылмалы ақын деген халық сол –
Өйткені, өзі – табиғаттың бөлшегі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу