Өлеңдер ✍️

  01.06.2022
  88


Автор: Қадыр Әлімқұлов

Шикотаннан* қайтқан қыз

Бір ару мінді кемеге,
Үркектей қарып шоқ көзі.
Қараймын тінти…
Немене,
Менің де жанған от кезім.
Сүйкендім…
Сөзді сапырып,
От-жалын кезім менің де.
Күрсініп қойды ақырын,
Əбестік еттім дедім бе?!
– Бухгалтер едім,
Сотталдым,
– Есептен қате жіберіп.
– Бес жылға, – деді тоқталып:
Үш жылда шештім шідерді.
– Қуансаң етті,
Құрбым-ау,
Еркіндік тосып тұрмай ма?
– Қалды ғой, иə, қылбұрау…
Қуану қиын мұндайда!
– Жүре алам ба екем…
Тақпай мұң,
Есейіп кеттім енді мен.
Арымды қалай ақтаймын,
Ақпын деп қайтіп сендірем?


Құқайды көрдім не түрлі,
Түрменің дағы кетер ме?
Жаралы жаным,
Жетіммін,
Қайттым ба екем…
Бекерге?! –
Деді де сұлу жылады,
Баса алмай өксік дауылын.
Шоқ көзден ұшқын құлады,
Езіле берді бауырым…
…Кетпейді ойдан сол сұлу,
Тағдыры сол да…
Қайтсін-ай?!
Есімін сұрап жатпадым,
Сұрағанменен…
Айтсын ба?!.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу