Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  110


Автор: Кәкей Жаңжұңұлы

Ақын

Əлде қашан тыным алған ел жатып,
Жүргінші жоқ кештеп келген түн қатып.
Кеудесіне шабыт құсын қондырып,
Ақын отыр асау жырға толғатып.
Ақша бұлттар ақ бас тауға аялдап,
Көк жиекке барады əне Ай аунап.
Алқынады ол бір сəтке,--
Алау сезім айдалада жаяу қап...
Тау сілкініп жаңғырығы жар құлап,
Тасығандай кеудедегі бар бұлақ.
Арындайды ол бір сəтке,--
Алып қашып, асау қалам-арғымақ...
...Дір еткізіп жел қаққандай қияқты,
Көкіректен шымыр-шымыр күй ақты.
Жүрек тулап, тербеледі жыр сезім,
Жапандағы жалғыз шынар сияқты.
Сан түзелді, сан жазылды... сызылды...
Жолдар, жолдар... қайтқан қаздай тізілді.
Бітті өлең, нар шабыттың шəрбеті--,
Кең маңдайдан жалғыз моншақ үзілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу