Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  207


Автор: Абдулмахмуд Пошатаев

Кездесу мен қоштасу

Тұман қаптап даланы, тұншығады,
Қашан тұман көңілден күн шығады.
Кездесіп ем өзіңмен сол бір күні,
Жүздесерміз тағы да мүмкін әлі.
Сол бір күндей болмайды әйткенмен де,
Оралмайсың сен маған, қайткенмен де.
Маған деген сезімің, тұманды күн,
Көкке ұшып кеткен бе қалмай сенде.
Кінә менде әрине айыптымын,
Тағдыр маған тастапты жайып мұңын.
Қала бердім қол бұлғап жағалауда,
Баласы болсам дағы қайықтының.
Шыңдарға жетемін деп биік-биік,
Білмеппін қалғанымды сені сүйіп.
Күндер өтпей, жалған-ай, түндер өтпей,
Өзіңді аңсап жүрмін, жаным күйіп.
Кездеспей талай жылдар кеткеніме,
Өз-өзімді қайғыға жеккеніме.
Өкінгеннен не пайда махаббатым,
Аяғы, осыған кеп жеткені ме!
Өрт болып кетті-ау жанып бар арманым,
Мен неге өзіңді іздеп бара алмадым,
Өзгені сүйіп тұрып, бақыт тілеп.
Қолымнан ұшыруға жаралғанмын,
Кімге керек, осылай жаралғаным.
Жалған өмір, расында, жалған өмір,
Жас жүректі қайғыға салған өмір,
Кейде алдап болмашы қуанышпен.
Қуанышын қайтарып алған өмір,
Жалған өмір, расында, жалған өмір.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу