Өлеңдер ✍️

  30.05.2022
  86


Автор: Бекен Әбдіразақов

–Құдайым-ай, қалған сұмдық осы еді!–

–Құдайым-ай, қалған сұмдық осы
еді!–
Құмарбекті поезд басқан деседі.
–Үнің өшсін, бұл қай иттің өсегі!?
–Тірі ме екен?!
–Жүргені де кеше еді.
Түн жарымда біз тұратын көшені
Тік тұрғызды суық хабар жай құсап.
Талай үйдің жиылмастан төсегі,
Ағылдық кеп, әр жүрекке қайғы сап.
Қос жеңгемнің келгені сол жұмыстан,
Шай орнына жасын жұтып келеді.
Мен де келем айрылғандай тыныстан,
Көтере алмай құйттай ғана денені.
Үћ, жеттік-ау!
Аурухана қақпасын
Шалқасынан түсірдік те лап бердік.
Бұл «ерлікті» доктор қалай мақтасын.
Кейіді кеп, өзіне де тап бердік.
Жамыраймыз, тірі жанға сөз бермей,
Базар қылып аурухана ауласын.
Докторымыз бір қалпынан өзгермей,
Шіреніп тұр, бітіргендей саудасын.
Бір мезетте екі қолын көтерді:
Тына қалдық.
–Тірі,– деді жымиып.
Әлі үнсізбіз. Біреу ғана жөтелді.
Бойда қаным бір тасиды,
бір ұйып.
Сенімсіздік тілді байлап қойғандай,
–Бір аяқпен құртты жаудың бір полкін.
Нағыз батыр!– Сөзіне өзі тойғандай,
Сонда барып шарпып өтті бір толқын!
Нағыз батыр...
Нағыз батыр – толқыны,
Бар көңілге қанат байлап ұшырды.
Кірпік ілмей таң атқанша сол түні,
Армандадым мен де бақыт құсымды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу