Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  140


Автор: Бекен Әбдіразақов

Әжеме

Аяулы әжем, кетіп-ақ қапсың «жұртыңа»,
Жеттім ғой әрең көз жасты бұлап қырқыңа.
«Жүрегім көптен лүпілдеп еді сезгендей,
Адыра қалғыр, сарғайттың мұнша тез келмей».
Бүкшеңдеп келіп, күлімдей кінә тағушы ең,
Бетімнен сүймей арқамнан ғана қағушы ең.
–Балаң кеп, Ұлбас, бір жасап, байғұс, қалдың ба,
Арман жоқ біз де жөнесек балалар алдында.
Алатау дәмі бұйырған, шіркін, қарашы,
Татар ма ек тегі, болмаса Ұлбас баласы, –
Деп өңкей кемпір жинала қалып лезде
Жүретін едің шаттыққа малтып бір өзге.
Жазылып кетті қақсаған кеше белім де,
Сәлемде депті сендерге біздің келін де–
Осылай шалқып дастарқанға үйіп барыңды,
Үйірілуші едің жер таппай қояр жаныңды.
Аяулы әжем, отырмын енді егіліп,
Қойныңды іздеп, қабырғам қарыс сөгіліп.
–Әулиеге біз арулап қойдық әжеңді,
Бүкшие бермей, баурыңды, қалқам, жаз енді
Сендерге берсін әжеңнің қалған бұл жасын, -
деп жатыр маған, жұбатып құрбы-құрдасың,
Аяулы әже-ау, бұлар да бір күн өзіңдей
Кетеді-ау, қайран,
әулиелігін сезінбей.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу