Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  500


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап

«Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап
Қуырып же, қу жаныңды отқа сап!»
деген гәбің туды бүгін басыма,
Жүрген жігіт секілді едім шоқты асап!
Ауызыммен орақ орып, құс атып,
Бес күн жалған басын қоспай ұсатып,
Жел кеудемен желіппін ғой, жанымды
Күйкі тірлік шылбырымен тұсатып!
Ешкім зорлап қол-аяқты байламай,
Қыста арбаны, жазда шанаң сайламай,
Бір тойғанды байлық санап, бөсіппін,
Қылышымды қатал сынға қайрамай!
Тауға өрлемей, тигенін жеп етекте,
Кете барғам көңіл қимас жетекте,
Түнеп шығып, түстенгенім қандай жер,
Байқамағам, сарай ма, әлде кетек пе!
«Түстік ғұмыр – кештік азық» дегенді
Елуде де ескермегем, тегі, енді!
Қайта айналып келер болса күндерім,
Толтырар ем қазіргі бос көгенді!
Жә, жетеді, Бекен, босқа бөскенің,
Қаңбақтай боп осы көшіс – көшкенің.
Мың айнала жыла жерді тепкілеп,
Қайта жанбас жас күндерде өшкенің...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу