Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  73


Автор: Бекен Әбдіразақов

Арыс туралы

І
Қайда тудың? – дегенде,
Сені атаймын, Арысым.
«Суды сатып берем де», -
дейді-ау сонда танысың!
Қызарамын дыз етіп,
(Намыс шіркін жаман ғой)
Жүрсе-дағы жүз өтіп,
Байқамаған адам ғой!
Көкшетауда болдым мен,
Жер сұлуы сол екен!
Алатауға қондым мен,
Ел сұлуы мол екен!
Бірақ, Арыс, сенен де
Төгіліп тұр өрен жыр.
Сонау шағын төбенде
Желдей жортып өлең жүр.
ІІ
Байқамайды-ау, шынында,
Жолаушылап өткендер.
Шаңы менен құмында
Болатынын көктемдер.
«Тандыры бір кепкен жер»,
деп ойлар көп өткендер.
Жоқ, жолдастар, жалған бұл!
Бақша да бар, су да мол.
Кеудемізде толған нұр,
Бұрқырады, тулады ол!
Асқақ арман, жаз арман,
Жүрегімде теңіз бір.
Іздемеймін базардан,
Арысыммен егіз бұл!
Пойыздардан будақтап,
Түтін шықса аспанға.
Өлең жазам шумақтап,
Шаруам жоқ басқаңда!
Шойын жолды аралап,
Өктем жүзді іздеймін!
Жүрегімді жаралап,
Кеткен қызды іздеймін!
Мен білетін бір нәрсе:
Шойын жолда - шойын қол!
Көкірегіме жыр келсе,
Соны әндетем, ойым –сол!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу