Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  78


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Фәни

Адасыппын кемді күн,
Көріп тұрмын Құбыланы мен бүгін...
Ей, Дүние, барар жерім – тар лахат,
Арман етем...
Жалған екен кеңдігің!
Әруақ қашты, Ар қашты,
Қуды бәрін Албасты.
Тістілері балағымнан тартқылап,
Күштілері жағама кеп жармасты.
Жегі құрттай жеп барады миымды ой,
Ой деген де қиын ғой.
Пендешілік шалып жықса аяқтан,
Қалай жүрем күйінбей?..
Ұлып жатыр Қасқыр-Түн,
Айға азуын білеп алып астыртын.
Жұлдыз-Жырмен бәдізделген қара аспан –
Менің жұмбақ Тасқұлпым.
Сөнбек емес кеудемдегі Шам-Шырақ,
Жүрегімді қансыратсаң қансырат...
...Ояды әлі сенің Топас Төбеңді
Көзім жасы тамшылап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу