Өлеңдер ✍️

  29.05.2022
  92


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Бүгінгі бедер

«...Жебелі байрақ астында
Жырынды жаудан састым ба?!
Жебедей тура атылып,
Кеудемді тостым тасқынға.
Шеменді шерім боздасын,
Қазақы рухым тозбасын!
Еске алар ұрпақ біздерді,
Арқасы бір сәт козғасын...» -
Сисемнен* шыққан бұл үнге
Саңырау Тірлік құлағын түред түбінде!
(Өтті ғой есіл ерлерім
Көтеріп нардың жүгін де...)
Кешегі заман – қара сын,
Таба алмай бостым жарасым.
Жат жерге тастап «жалғызды»,
Маңғыстау, қайда барасың?!
Тағдырға пенде бағынды,
Қайтейін алтын тағыңды!
Мұсалдат болып кезінде кілең кісәпір,
Сындырып еді-ау сағымды.
Кеңістік едің – тарылдым,
Бір тұтас едім – жарылдым...
Тәуелсіздіктің ақ таңын
Сағына жүріп сарылдым.
Жырақта күйбең күн кештім,
Жаратқан–Жармен тілдестім...
(Тегінде, «жалғыз» дегеннің
Баршасыменен діңдеспін!)
Қарамай бейбақ тұрқыма,
Оралдым Ата Жұртыма.
Қожайынсынып күбінген көрдемшелердің
Көнбеспін енді ырқына.
Болғасын саған керегім,
Ар үшін жауап беремін.
Анығын айтшы тобырға,
Маңғыстау, кімнің жері едің?!
Жебенің ұшы – айғағым,
Жебелі – менің байрағым.
Өресі биік Отпан-Тау –
Ұран-От жағып, Мәшһура құрар айлағым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу