Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  100


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Болмыс

Кітаптарды ақтарсам да тым қалың,
Шеше алмадым Жан Дүниемнің жұмбағын...
Түйсігімнен бүр жарады Жұлдыз-Ой,
Жүрегімнен аңқып Өлең – Құндағым.
Айлы түннің жарығынан сазды іштім,
Муза қыздың зарығынан наз құштым.
Мәңгіліктің таңбасы боп мөрленген –
Маңдайымда жазуы бар Жазмыштың!
Көз жасымның тамшыларын шынжыр ғып,
Жанарымда мөлдірейді Мыңжылдық.
Жылап тұрып кірпігімді қаққанша,
Күліп те алдым күн артынан күн зырғып.
Ғұмырымды ерте бұрдым Ғайыпқа,
Ал табаным тура жолдан тайып па?..
Арғы бетке жүзіп кетіп барады
Барлық адам – бұл бес күндік Қайықта.
Тіл ұшында бұрқырайды Обалым –
Тоқсан тарау толғауындай Тобаның.
Құран сөзі дәлелдеді бүгінде
Алла атынан Ақырзаман боларын.
Қашып шығып тар лахатты Моладан,
Өттім талай Ғасырлардан зобалаң.
...Сіңемін де тылсымданған Әлемге,
Тәтті түстей тозаңданып жоғалам!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу