Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  65


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Кертағдыр

Көрмедім көктен түскен Ғайсаны,
Көрмедім жерден шыққан Мәдіні...
Он төрті күні піскенде Ай сары –
Тасыған жоқ қой құптан қадірі.
Түнектен туған күмісқұлақ түн
Жегідей жейді Жанымды менің.
Дүние деген жымысқы-жаттың
Албастыланған заңын білемін.
Шақырады ажал Шайырды ғана –
Ащы даусындай мұраталының.
Далиып жатыр байырғы дала,
Зарлы жүректі жұбатады кім?..
Келіп ем шәрден сағынып қырды,
Зияраттамасам бейітті – ұят-ты.
Кетсем-ау ұйықтап жамылып құмды,
Күнәдан таза Шейіт сияқты.
Шерлі көкірегім – толған қайғыға,
Дос емес, білем, көркеуде маған.
Жаратылғандай Сор Маңдай мына –
Қасіреттерін мөрлеуге заман.
Жұлдыздар жылап төбемде тура,
Мен тұрмын кермек көз жасын жұтып.
Зауық қалмады Өлеңді оқуға,
Әуре болмаңдар сөз басын күтіп!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу