Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  80


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Қара сұлба

Түн жылап құр... төнеді қара сұлба...
Тұнжырап қыр... көнеді дала сұмға...
Ғасырлардың жаңғырып санасында,
Ғасылдандым мәңгілік дара сырға.
Жол көрінді жон асқан, жан баспаған,
Бұйырады ол – бұйырса алғаш маған.
Кеше бәрі мен үшін басқаша еді-ау,
Қайда кеткен жұмаққа жалғас панам?..
Дірілдедім жапырақсыз күзгі ағаштай,
Шара қайда жүрекке сыздамасқа-ай...
Қара сұлба төстеп тұр жан-жағымды,
Бір жарыққа жетсемші түзде адаспай.
Тірісі де сезілмей, өлісі де,
Теріс келді мына түн оң ісіме.
Бұл тажал ма, ажал ма басқа түскен,
Өлік болып қамалдым көр ішіне...
Ауыр сұрақ қойғандай Мүңкір-Нәңкір,
Тар қапаста таныттым бұлқынған түр...
Ауылым көшіп жоғалды аспан жаққа,
Жалғыз мола ғана тұр жұртымда аңқыл.
Көкке ұшпайтын құс едім қанаты жоқ,
Қарамаймын көзімнен таратып от.
Қара сұлба – жалмаған қанатымды,
Жұтып қойған нұрымды – қара түнек!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу