Өлеңдер ✍️

  28.05.2022
  94


Автор: Асылбек Жаңбырбай

Шерменде

Кеш түскенде жырақ кетіп Күн елден,
Күрсінеді көлеңкеміз түнерген...
Тәңірісін сағынғанда бөрілер –
Түннің неге жылайтынын білер ме ең?
Көз ілмесең – түйсігіңде Ай балқып,
Сәуле төгіп, тұрар еді-ау жәй қалқып.
Бейуақ жалғыз сезініп көр өзіңді,
Мұндай кезде қуаныштан қайғы артық...
Көре қалсам Түн жанарын жас тамған,
Жүрегіме мұң саулайды аспаннан.
Сен де мендей шермендесің ғайыптық,
Өмір бізге жұлдыз-мөрін басты алдан.
Нағыз өлең – жас сәбидің іңгәсі,
Періштелік пәк пейілмен тыңдашы...
Зікір айтып Жаратқанға зарласақ,
Шайтан шошып, домалайды жын басы.
Болашаққа жұпарланған нұр апар,
Нұр жұқпаса тазармайды күнәһар.
Күбірлейік Түннің тылсым дұғасын –
Кеңігенше жалған дүние мына тар!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу